«20 наурыз – Ұлттық спорт күні»

Бөлісу

 

«Наурызнаманың» онкүндігі аясында «20 наурыз – Ұлттық спорт күні» болып бекітілген. Қазақтың ұлттық спорты – рух пен намысты қайрап, бойдағы қуатты шыңдауға өз септігін тигізеді. Ұлттық спорт түрлері мәдени мұраны сақтауға, жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімін күшейтуге ықпал етеді. Дәстүрлі спорт түрлері ар-намыс, батылдық, ептілік, күш-қайрат және жылдамдық сияқты қасиеттерді бейнелейді. Күш-қайрат, ептілік, мергендік, өзін-өзі кемелдендіру – мұның бәрі осы төл спортымыз арқылы дамиды. Жаугершілік заманда жаттығу түрі ретінде қолданылған дайындық әдістері бүгінде халық денсаулығын нығайтудың құралы.

Осыған орай, 20.03.2025 ж. күні Жамбыл жоғары медициналық колледжінде «Ұлттық ойын – ұлт игілігі» атты спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шараны «Мейіргер ісі» бөлімінің меңгерушісі Ескебекова З.С. және бөлім кураторлары өткізді. Спорттық іс-шара барысында 70 студент қазақтың ұлттық биі «Қара жорға» биін биледі. Ұлтымыздың асыл қазынасы болған ұлттық ойындарымызды жоғалтып алмай, ұрпақтан-ұрпаққа жетуін насихаттау мақсатында «Асық ату», «Бес тас», «Арқан тарту», «Тоғызқұмалақ», «Қол күрес», «Ханталапай», «Ләңгі тебу» сияқты ұлттық ойындар ойнатылып, ойын барысында студенттер күш сынасты. Ұйымдастырылған іс-шараға студенттер қызығушылық танытып, өздерінің күштері мен ептіліктерін көрсетті. Аталған іс-шарада колледждің ардагер ұстаздары мерекемен құттықтап, студенттерге батасын берді.