Көрісу күні — 14 наурызда тойланатын, қыстан аман шыққан жұрттың бір-бірімен қауышып, төс қағыстыратын, жаңа жылды қарсы алатын ежелгі дәстүрі. Бұл күні адамдар өкпе-ренішті ұмытып, амандық-саулық сұрасады, үлкендерге ізет көрсетіп, «Жасың құтты болсын!» деп ізгі тілек айтады.
Бұл күнді «Амал мерекесі» деп те атайды. Адамның адаммен, жылдың жылмен, қауышқан шағы. Пенденің аузы аққа, малдың аузы көкке тиген шақ. Көрісу күні қазақ халқы бір-бірінің үйіне барып, өкпе-реніштерін ұмыт қалдырып, бір-біріне жақсы, жылы лебіздерін білдіріп жатады. Хакім Абайдың өзі «Қырдағы ел, ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, мауқын басып» деп жырлаған. «Амал» мерекесінің шығу тарихын Жамбыл жоғары медициналық колледжінде «Мейіргер ісі», «Емдеу ісі» мамандығы бойынша 1 курс кураторлары мен белсенді студенттері таныстырып, колледж ұжымы мен студенттерді құттықтады. Халықтық дәстүрді дәріптеп, жас ұрпаққа жеткізу әрбір азаматтың борышы.
Әз-Наурыз құтты болсын! Ақ мол болсын! Қайда барсаңыздар да жол болсын!





