Азаматтарға

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС)  – бұл халықтың денсаулығын сақтау саласындағы мүдделерді әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесі.

МӘМС жүйе қатысушыларына уақтылы, қолжетімді, сапалы медициналық және дәрі-дәрмектік көмек ұсынуды қамтамасыз етеді.

Әлемде инфекциялық емес аурулардың өсуіне, жаңа медициналық технологияларды енгізуге және егде жастағы халықтың көбеюіне байланысты өзгерістер жүріп жатыр, бұл денсаулық сақтауға арналған шығыстардың ұлғаюына әкеледі.

Халықаралық практикада МӘМС енгізу жоғарыда көрсетілген сындарға жауап береді және денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Қазіргі Қазақстандық денсаулық сақтау жүйесі осындай сындарға дайын болуы  және жүріп жатқан өзгерістерге дер кезінде жауап беруі тиіс.

ЭЫДҰ елдерінің көпшілігі аз мұқтаждықтан көбірек мұқтаждыққа қаражатты қайта бөлуге мүмкіндік беретін МӘМС таңдады.

Мұндай тәсіл мемлекеттің, жұмыс берушінің және азаматтардың арасында денсаулық сақтау үшін жауапкершілікті бөлуді талап етеді.

МӘМС енгізу әмбебаптық, әлеуметтік әділдік және ортақ болу қағидаларын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

МӘМС жүйесіне қатысушы келесі қызмет түрлерін ала алады:

  • амбулаториялық-емханалық көмек;
  • стационарлық көмек;
  • стационарды алмастыратын көмек;
  • жоғары технологиялық медициналық қызметтер.

Амбулаториялық-емханалық, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсету кезінде халықты дәрілік заттармен қамтамасыз ету болжамдалады.

«МӘМС туралы» заңға сәйкес қорға жарналар төлеуден босатылады:

  • балалар;
  • көп балалы аналар;
  • ҰОС қатысушылары және мүгедектері;
  • мүгедектер;
  • жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар;
  • интернат ұйымдарында білім алып және тәрбиеленіп жатқан адамдар;
  • күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан адамдар;
  • бала тууына, асырап алуына байланысты демалыста жүрген адамдар;
  • жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, сондай-ақ бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) іс жүзінде тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адамдар;
  • зейнеткерлер;
  • әскери қызметшілер;
  • арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері;
  • құқық қорғау органдарының қызметкерлері;
  • қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрген адамдар;
  • уақытша ұстау изоляторларындағы және тергеу изоляторларындағы адамдар.

 

Медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде азаматтарға медициналық қызметтердің екі түрлі пакеті ұсынылады:

Бірінші — профилактикалық егулер, жедел жәрдем, санитарлық авиация, шұғыл медициналық көмек, әлеуметтік мәні бар ауруларға стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек, сондай-ақ айналасындағыларға қауіп төндіретін ауруларға көрсетілетін тегін медициналық көмектің кепілді көлемі базалық пакеті екенін айтты. Ол Қазақстан Республикасының барлық азаматтары үшін қолжетімді болады. Сонымен қатар, 2020 жылға дейін, яғни жалпыға бірдей декларациялауды енгізгенге дейін МӘМС жүйесінде медициналық көмекке құқығы жоқ адамдарға дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін амбулаториялық-емханалық көмек көрсетілетін болады.

Екінші — бұл Қорға міндетті сақтандыру жарналары мен аударымдар есебінен қаржыландырылатын медициналық көмекті қамтитын МӘМС пакеті. Оны МӘМС қатысушылары болып табылатын тұлғалар ала алады. Бұл қызметтер амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етілетін амбулаториялық-емханалық көмек, стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек, қалпына келтіріп емдеу, медициналық оңалту, жоғары технологиялық көмек көрсету, паллиативті көмек және мейірбике күтімі.

Қазақстан Республикасының Денсаулық Сақтау және Әлеуметтік даму министрлігінің 05 қыркүйек 2016 жыл  №06-1-23/5828-4 хатын негізге ала отырып Міндетті әлеуметтік медициналық  сақтандыруды  енгізу бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын  ұйымдастыру мақсатында Жамбыл медициналық колледжінің екі оқытушысы Астана қаласында 2016 жылдың 28 қыркүйегінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу» тақырыбында өткен семинарға қатысып, колледждің 50 оқытушысын медициналық  ұйымдарда түсіндіру жұмыстарын жүргізуге дайындады.

Оқытушы-тренерлер Жамбыл облысы және Тараз қаласындағы барлық медициналық ұйымдардың орта буын медициналық қызметкерлерінің арасында ақпараттық түсіндіру жұмысын жүргізді. 2016 жылдың қараша –  2017 жылдың маусым айы аралығында 7871 орта медициналық  қызметкер «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу» тақырыбында семинар-тренингке қатысып,  міндетті сақтандыру жүйесі туралы мәлімет алды.