Жамбыл жоғары медициналық колледжі Қазақстан Республикасындағы орта медициналық және фармацевтикалық мамандар даярлау және қайта даярлап орта кәсіптік білім беретін оқу орындарының бірі.
1936 жылы 12 ақпанда Мирзоян (қазіргі Тараз) қаласында екі жылдық мейірбикелер мектебі құрылып, 30 адам білім алды.
1938 жылы ең алғашқы түлектер мектепті бітіріп шықты. Мектептің алғашқы ұйымдастырушысы және директоры қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері Промонтов Иван Нилович болды.
1937-1945 жылдар аралығында «Мейірбикелер» мектебін облыстың бас хирургы, медицина ғылымдарының кандидаты, Тараз қаласының құрметті азаматы Пак Николай Романович басқарды.
1945 жылдан 1948 жылға дейін «Фельдшер-акушерлік» мектебі аталып, мейірбике, фельдшер және акушерлерді дайындап шығарды. 1948 жылы мектепке училище атауы берілді.
1955-1981 жылдар аралығында Жамбыл медициналық училищесін акушер-гинеколог, екі рет «Құрмет белгісі» орденінің иегері, денсаулық сақтау ісінің үздігі Овчинникова Зинаида Павловна басқарды.
1981-1985 жылдар аралығында училищені дәрігер-терапевт Аида Тыныбекқызы Тыныбекова, ал 1985-1990 жылдары – КСРО-ның, ҚР-ның денсаулық сақтау істерінің және білім беру ісінің үздігі, дәрігер-педиатр Рысты Берекелқызы Нұрланова басқарды.
1978 жылы училищеде фармация мамандарын даярлауды бастады, ал 1983 жылы мейірбикелерді дайындайтын кешкі оқыту бөлімі ашылды.
1990-2015 жылдары Жамбыл медициналық колледжін ҚР-ның денсаулық сақтау ісінің үздігі, педагогика ғылымдарының кандидаты Қоңырова Самиха Қоңырқызы басқарды.
1994 жылы Жамбыл медициналық училищесі атауы Жамбыл медициналық колледжіне ауыстырылды. 1996 жылы Жамбыл медициналық колледжінде орта медициналық және фармацевтикалық білімі бар мамандардың біліктілігін көтеру және қайта даярлау бөлімі ашылды.
2016 жылы колледж директорының лауазымдығына дәрігер-педиатр, жоғары санатты оқытушы Сарыбекова Жамиля Нұрғалиқызы тағайындалды.
2019 жылы Колледж қайта ұйымдастырудың оңтайлы бағасын алып, Жоғары колледж статусына ие болды.
Қазіргі таңда колледжде келесі мамандықтарды даярлайды:
- «Емдеу ісі» мамандығы бойынша біліктілігі «Фельдшер», «Акушер»;
- «Мейірбике ісі» мамандығы бойынша біліктілігі «Жалпы тәжірибедегі мейіргер», «Мейіргер ісінің қолданбалы бакалавры», көзі көрмейтін мүгедектерге арналған «Массажист»;
- «Фармация» мамандығы бойынша біліктілігі «Фармацевт»;
- «Зертханалық диагностика» мамандығы бойынша біліктілігі «Медициналық зертханашы».