Колледждің материалдық-техникалық базасы

Материалдық-техникалық база

Жамбыл жоғары медициналық колледжінің материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңарып, заман талаптарына сай жетілдіріліп келеді. Оқу бағдарламаларында қарастырылған зертханалық және практикалық сабақтарды, сондай-ақ оқу тәжірибесінің барлық түрлерін толыққанды іске асыруға мүмкіндік беретін өзіне тән кешенді оқу-өндірістік инфрақұрылым қалыптасқан. Барлық нысандар қазіргі санитарлық нормалар мен өрт қауіпсіздігі талаптарына толық сәйкес келеді. Колледж ғимараттарында студенттер, оқытушылар және қызметкерлер үшін енгізілген автоматтандырылған қолжетімділік жүйесі үздіксіз жұмыс істейді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында турникеттер орнатылған, ал кіріп-шығу арнайы FACE ID  және ID – карточкалар арқылы жүзеге асырылады.

Білім беру стандартымен бекітілген барлық оқу кабинеттері мен зертханалар колледждің үш оқу ғимаратында орналасқан. Аудиториялар мен зертханалардың құрамы мен жабдықталуы мемлекеттік талаптарға толық сәйкес келеді.

Колледждің оқу-өндірістік базасы Ниетқалиев көшесіндегі №20 (5 қабатты), 2015 жылдан бастап Пушкин көшесіндегі №22 (3 қабатты) және 2024 жылдан бастап Рысбек батыр көшесіндегі №15Б (2 қабатты) ғимараттарында орналасқан. Жылдан-жылға кеңейіп, жетіліп келе жатқан бұл база оқу үдерісін жоғары деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Оқу кабинеттері мен зертханалар заманауи көрнекі құралдармен, әдістемелік әдебиеттермен, техникалық оқыту құрылғыларымен және компьютерлік технологиялармен толық қамтамасыз етілген. INTERNET жүйесіне қосылған заманауи компьютер сыныптары тұрақты жұмыс істейді.

Ниетқалиев көшесі №20 ғимаратының жалпы ауданы – 5852,1 м², Пушкин көшесі №24 – 2756,8 м², ал Рысбек батыр көшесі №15Б ғимараты – 1611,7 м² құрайды. Колледждің жобалық қуаттылығы – 3800 орын. Білім алушылардың жан-жақты дамуына бағытталған бірқатар нысандар қызмет көрсетеді: 1 акт залы, 1 мультимедиялық зал, 60 орындық буфет, «Coworking» оқу залы, кітапхана, «Жүректен жүрекке» волонтерлар орталығы, «Рухани жаңғыру» орталығы, мемлекеттік қызмет көрсетудің электрондық орталығы, 34 оқу кабинеті, 53 оқу-тәжірибелік кабинет, оның ішінде 3D оқыту құрылғыларымен жабдықталған «Smart Анатомия» және физиология кабинеттері, OSKE станциясы,  симуляциялық орталықта 15 клиникалық станция, 5 зертхана, 5 компьютерлік сынып, IT-сынып, 2 лингафон кабинеті, 2 тренажер залы, Pulse TV телестудиясы, атыс тирі, колледж музейі, типография, 2 медициналық пункт, футбол, волейбол және баскетбол алаңдары бар спорт кешені. Сонымен бірге «Жасыл дәріхана» жылыжайы, оқу дәріханасы – Фитобар және виртуалды (VR) дағдыларды қалыптастыру кабинеті жұмыс істейді. Барлық кабинеттер мен зертханалар Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау және білім беру саласындағы қолданыстағы нормативтік талаптарына сәйкес жабдықталған. Симуляциялық кабинеттер ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2023 жылғы №24 бұйрығында, сондай-ақ «Қазақстанның медициналық колледждерінің одағы» және «Ұлттық тәуелсіз емтихан орталығы» ұсынған жабдықтау талаптарына сай жасақталған. Мұнда студенттердің тиімді білім алуына толық жағдай жасалған. Арнайы пәндер бойынша тәжірибелік дағдыларды меңгертуге арналған оқу кабинеттері робот-симуляторлармен, жарақаттарды таңуға, жүрек-өкпе реанимациясын жүргізуге, хирургиялық дағдыларды үйретуге арналған манекендермен, компьютерлік тренажерлармен, көпфункциялы реанимациялық төсектермен, босану және жаңа туған нәрестеге күтім көрсетуге арналған имитациялық құрылғылармен жабдықталған. Барлық оқу құралдары студенттердің кәсіби құзыретін қалыптастыруға бағытталған. Кабинеттердің төлқұжаттары, жұмыс жоспарлары, сабақ өткізуге рұқсат құжаттары және қажетті журналдары жүргізіледі. Колледжде жоспарланған тәжірибелік сабақтар үш оқу корпусында өтеді, ал өндірістік және кәсіби тәжірибелер келісімшарт жасалған клиникалық мекемелерде жүзеге асырылады. Жиһаз-бұйымдар мен құралдарды жарақтандыру Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына арналған ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2012 жылғы №97 бұйрығына сәйкес орындалған.

Мемлекеттік жалпы білім беру стандартының талаптарын қамтамасыз ету мақсатында барлық кәсіптік модульдер мен өндірістік оқыту қажетті заманауи жабдықтармен толық қамтылған.

Симуляциялық оқыту

Жамбыл жоғары медициналық колледжінде аймақтық симуляциялық орталық 2015 жылы ашылып, бастапқы кезеңде дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерін аттестациядан өткізу міндетін атқарды. Қазіргі таңда симуляциялық орталық колледж студенттерінің кәсіби даярлығын бағалауға арналған негізгі алаңға айналған. Жыл сайын білім алушылар қорытынды мемлекеттік аттестациядан өтеді, оның екінші кезеңі – симуляциялық орталықта тәжірибелік дағдыларды тексеру мақсатында арнайы әзірленген бес станция бойынша жүргізіледі.

Колледждің басты мақсаты – денсаулық сақтау саласына білікті, кәсіби даярланған мамандарды шығару. Осы міндетті жүзеге асыруда симуляциялық оқытудың рөлі ерекше. Симуляциялық оқыту – заманауи фантомдар, манекендер, муляждар, тренажерлар және басқа да оқу құралдарының көмегімен нақты клиникалық жағдайларды модельдеу арқылы теорияны тәжірибемен ұштастыратын білім беру технологиясы. Бұл әдіс студентке науқасқа зиян келтірмей, кәсіби дағдыны шынайы өмірге жақын жағдайда меңгеруге мүмкіндік береді.

Колледжде қазіргі заман талаптарына сай жабдықталған 15 симуляциялық кабинет жұмыс істейді. Олар көпфункционалды муляждармен, интерактивті фантомдармен, роботталған симуляторлармен және нақты клиникалық процестерді қайталауға арналған құралдармен қамтамасыз етілген. Симуляциялық орталық төмендегі оқу станцияларынан тұрады:

1-станция: «Жарақаттар кезінде ауруханаға дейінгі медициналық көмек»
2-станция: «Коммуникативтік дағдылар: медициналық манипуляцияларды түсіндіру»
3-станция: «Процедуралық дағдылар»
4-станция: «Шок жағдайында ауруханаға дейінгі көмек көрсету»

5-станция: «Жүректің кенеттен тоқтауы кезінде ауруханаға дейінгі жедел көмек»

Бұл кабинеттерде оқытушылар тәжірибелік сабақты іс-әрекет алгоритмдеріне негіздеп жүргізеді. Әрбір студент қажетті дағдыларды бірнеше мәрте қайталап, берілген клиникалық жағдаятты дұрыс бағалап, стандартқа сай көмек көрсетуді үйренеді. Сонымен қатар жыл сайын студенттердің білімін тәуелсіз бағалаудың екінші кезеңі дәл осы симуляциялық кабинеттерде өткізіледі. Бұл – болашақ медицина маманының кәсіби дайындығын әділ, нақты және халықаралық талаптарға сай бағалауға мүмкіндік беретін жүйе.