«Мейіргер қызметін дамытудың инновациялары мен келешегі»

Бөлісу

 

2025 жылғы 14 мамыр күні ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаментінің ұйымдастыруымен, ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Ш. Әлназарованың қатысуымен Түркістан қаласында «Мейіргер қызметін дамытудың инновациялары мен келешегі» тақырыбында мейіргерлік ісі бойынша халықаралық форум өткізілді. Халықаралық форумға Республика бойынша облыстық және қалалық денсаулық сақтау басқармаларының басшылары, денсаулық сақтау басқармаларының кадр бөлімінің қызметкерлері, медициналық колледждердің директорлары, директордың орынбасарлары, мейіргер ісі жөніндегі штаттан тыс мамандар және шет елден келген қонақтар қатысты.
Халықаралық форумды Түркістан облысының әкімі Н.О.Кушеров ашып, денсаулық сақтау саласы бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстармен, озық тәжірибелермен бөлісті. ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Ш. Әлназарова «Мейіргер қызметінің бүгіні мен ертеңі» жайлы баяндама жасап, үздік мейіргерлерді «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапаттады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық бюросының денсаулық сақтау саясаты мен жүйелері бөлімінің мейірбике ісі және акушерлік саясат жөніндегі кеңесшісі Маргриетта Лангинс барша мейіргерлерді мерекесімен құттықтап, халықаралық форумды ұйымдастырушы ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне және Түркістан жоғары медициналық колледжіне алғысын айтты.
Сондай ақ, Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Б.Н.Сатыбалды «Түркістан облысының ауылдық денсаулық сақтаудағы медбикелердің рөлі» тақырыбындағы баяндама жасады. Абай облысы денсаулық сақтау басқармасының «Д.Қалматаев атындағы мемлекеттік жоғары медициналық колледжі» ШЖҚ МКК директоры Е.Н.Тоқтаров колледжде ашылған «Хоспис» паллиативтік көмек бөлімі туралы баяндама жасап, жетістіктерін атап өтті. Алматы қаласы мейіргер ісі үйлестірушісі Г.С.Кожанованың «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудегі кеңейтілген тәжірибедегі медбикенің рөлі. Алматы қаласындағы сәтті іске асыру үлгісі» тақырыбындағы баяндамасы қызу талқыланып, көрермендер көп сұрақтарына жауап алып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Форум барысында «ХимфармСервис» ЖШС даму жөніндегі директоры В.С.Таланов «Lumiti Philirs портативті ультрадыбыстық жүйесін фельдшерлік-акушерлік пункттер мен шалғайдағы медициналық мекемелерде қолдану мүмкіндіктері» жайлы ақпарат берді. «Центр Валидации Азия» ЖШС маманы Бойко О.Ю. «Медициналық қалдықтарды кәдеге жаратудың заманауи технологиялары және бір реттік гигиеналық құралдарды қолдану СӨТ қаупін төмендету факторы» тақырыбында баяндама жасап заманауи құрал жабдықтармен таныстырды. Форум қорытындысында келген қонақтар ҚР Денсаулық сақтау саласында мейіргер қызметін дамытудың инновациялары назарға алынып, келешегі шарықтап дамуына үлес қосатындықтарын атап өтіп, маңызды іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Аталған ауқымды халықаралық форумға Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. Е.Мусабаев, Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы медицина мамандарымен жұмыс бөлімінің басшысы А.Н.Куттыбаева және бас маманы Г.Е.Сарбасова, Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасына қарасты мейіргер ісі бойынша үйлестірушісі және Қалалық көпбейінді аурухана бас дәрігердің орынбасары Л.Т.Бокушева, Жамбыл жоғары медициналық колледжі директоры Ж.Н.Сарыбекова және орынбасары Л.Т.Қуанышбекова қатысып үлкен әсер алып, тәжірибелерін толықтырып қайтты.
Форумға қатысқан қонақтар Түркі халықтарының ортақ рухани абызы, жырау, қобызшы, Қорқыт бабамыздың дүниетанымына, киелі мұрасына арналған Түркістан музыкалық драма театрының «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклін тамашалап, керемет әсер алды. Түркі әлемінің рухани астанасы- Түркістан қаласының жаңа келбетін көріп көңілдеріне мақтаныш сезімі ұялады. Келген қонақтар қаланың әсем жерлерін тамашалап, киелі Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне саяхаттап, өңір басшылығына, тұрғылықты халыққа шынайы рақметін айтып кетті. Халықаралық форумды жоғары деңгейде ұйымдастырған Түркістан жоғары медициналық колледжі директоры және ұжымға үлкен алғыс айтамыз!