Мемлекеттік рәміздері

Мемлекеттік рәміздер – Елтаңба, Ту, Әнұран

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк туы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының біркелкі көгілдір түсі бірігу идеясын білдірумен қатар, әрқашанда бейбітшіліктің, тыныштық пен жарқын болашақтың белгісі саналатын бұлтсыз ашық аспанды еске салады.
Геральдика тілінде көк түс пен оның реңктері адам бойындағы адалдық, тазалық, үміт сияқты қасиеттеріне сәйкес келеді. Шұғылалы алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелесе, дала бүркіті қазақстандықтар ұғымында дарқандық пен қырағылық, биіктік белгісі.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы суретші Шәкен Ниязбеков.

 

 

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк елтаңбасы

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТIК ГЕРБI, елтаңба — Қазақстан Республикасының негiзгi мемлекеттiк рәмiздерiнiң бiрi. ҚР Президентiнiң “Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы” конституц. заң күшi бар Жарлығымен (24.1.1996) белгiленген. Рәмiздiк тұрғыдан ҚР мемл. гербiнiң негiзi — шаңырақ. Ол — гербтiң жүрегi. Шаңырақ — мемлекеттiң түп-негiзi — отбасының бейнесi. Шаңырақ — Күн шеңберi. Айналған Күн шеңберiнiң қозғалыстағы суретi iспеттi, Шаңырақ — киiз үйдiң күмбезi көшпелi түркiлер үшiн үйдiң, ошақтың, отбасының бейнесi. Тұлпар — дала дүлдiлi, ер-азаматтың сәйгүлiгi, желдей ескен жүйрiк аты, жеңiске деген жасымас жiгердiң, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, тәуелсiздiкке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесi. Қанатты тұлпар — қазақ поэзиясындағы кең тараған бейне. Ол ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпi. Қанатты тұлпар Уақыт пен Кеңiстiктi бiрiктiредi. Ол өлмес өмiрдiң бейнесi. Бiр шаңырақтың астында тату-тәттi өмiр сүретiн Қазақстан халқының өсiп-өркендеуiн, рухани байлығын, сан сырлы, алуан қырлы бет-бейнесiн паш етедi. Бес бұрышты жұлдыз гербтiң тәжi iспеттi. Әрбiр адамның жол нұсқайтын жарық жұлдызы бар. Қ. р. м. г-нiң авторлары — Ж.Мәлiбеков пен Ш.Уәлиханов.

 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні

Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев
Әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов

Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!

Қайырмасы:

Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!

Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай,
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!

Қайырмасы:

Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!