Тағы да бір жыл зымырап өте шықты. Әр қайсымыз жеке тұлға ретінде, қызметімізге байланысты өткен жылды қорытындылап, жеткен жетістіктерге қуанып, кеткен кемшіліктерді ескере отырып, жаңа 2025 жылға жоспар құрып, мақсаттарды белгіледік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Ана тілі” газетіне берген сұхбатында 2024 жылы әр сала бойынша атқарылған жұмыстарды, еліміз үшін айрықша маңызды жыл болғанын атап өтіп, экономиканы және егемендікті нығайту туралы елдің дамуындағы маңызды жетістіктерді айқындай отыра, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстың басым бағыттарын белгіледі. Мен басқарып отырған білім ордасы елімізге орта буын медицина мамандарын дайындайтын оқу орны болғандықтан, екі маңызды білім мен денсаулық сақтау салаларын байланыстырады, сондықтан білім беру мен медицина салаларына көбірек басымдық берілуі, 2025-2027 жылдарға Республикалық бюджет қабылданып, құжатта әлеуметтік бағыт басты басымдық ретінде сақталғандығы, онда денсаулық, білім беру саласына және әлеуметтік қажеттіліктерге өте қомақты қаржы қарастырылғандығы өте қуантарлық жағдай.
Бұл елдегі әлеуметтік тұрақтылықты нығайтып, халықтың өмір сапасын жақсартатындығына кепіл. Мақалада әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де баса назар аударылды. Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға арналған ұлттық жобаның аясында ауылдық жерлерде медицина нысандарын салынғандығы және олар әлі жалғасын табатындығы айтылған. Біздің Жамбыл облысының өзінде өткен 2024 жылы ауылды мекендерде бірнеше медицина нысандары ашылып, халыққа сапалы медициналық көмек көрсете бастауы елдің ризашылығына бөленді. Мақаланы оқи отыра, жастар – еліміздің стратегиялық ресурсы екендігі, сондықтан Қазақстанның болашағы жастардың білім деңгейі, дағдылары мен құндылықтарына байланысты екені, Мемлекет басшысының жастарды жан-жақты дамытуға басымдық беруі, жастарға жағдай жасауы – елдің тұрақты дамуының кепілі екеніне айқын көрініс тапты. 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы, еңбек адамының, жұмысшы мамандығының абырой-беделін көтеруі, бұл мамандықтардың еңбек нарығында сұранысқа ие болатындығы, қоғамдағы мәртебесі жоғары болатынына да кепілдік бар екенін білдіреді. Жас мамандарды қолдау, сұранысқа ие жаңа мамандықтарды дамыту және дуальді білім беру жүйесін жетілдіру қажеттігі айқын.
Президент Қазақстанның цифрландыру саласындағы жетістіктерін нығайту қажеттігін айтты. Президенттің пікірінше, жасанды интеллектіні дамыту және оны экономиканың түрлі салаларына енгізу Қазақстанның цифрлық трансформациясы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Президенттің мақалада көрсеткен жұмыстары елдің дамуы үшін оң қадамдар екенін мойындай отырып, халықтың өмір сапасын одан әрі жақсарту мақсатына қолдау көрсетіп, өз саламызда кешенді шараларды жүзеге асыруға өз үлесімізді қосамыз деп сенім білдіремін.
Жамиля Сарыбекова, «Алау» бастауыш партия ұйымының төрайымы, Жамбыл жоғары медициналық колледжі директоры