«Жасөспірімдер арасындағы буллинг және кибербуллинг, нашақорлық»

Бөлісу

2025 жылдың 26 желтоқсан күні мәжіліс залында 1–2 курс ата-аналарына арналған «Жасөспірімдер арасындағы буллинг және кибербуллинг, нашақорлық» тақырыбында ата-ана сағаты өтті.

Ата-аналар сағатына арнайы шақырылған Жамбыл облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Каукешова Айгерім Асанқызы жасөспірімдердің қазіргі кезде жиі жіберетін қателіктері, зиянды әдеттердің алдын алу жолдары туралы кеңінен тоқталып, ата-аналарды бала тәрбиесінде сергек әрі мұқият болуға шақырды.

Сонымен қатар, Ұйымдастыру және жастар бастамаларын қолдау секторының жастар ісі жөніндегі маманы Әмірбекова Ақтолқын Даниярқызы облыс жастарының бос уақытын тиімді пайдалануға бағытталған бағдарламалар мен мүмкіндіктер туралы ақпарат беріп, ата-аналарды балаларын белсенді қоғамдық өмірге тартуға үндеді. Ата-ана сағаты барысында колледждің тәрбие ісінің меңгерушісі Айдабосынова Жамиля Несіпбековна сөз сөйлеп, қазіргі қоғамдағы жасөспірімдердің мінез-құлқына әсер ететін әлеуметтік факторларға тоқталды. Ол ата-ананың бала өміріндегі рөлі, отбасындағы қолдау мен түсіністің маңызы, сондай-ақ білім беру ұйымы мен ата-ана арасындағы тығыз байланыс буллинг пен өзге де жағымсыз құбылыстардың алдын алуда шешуші мәнге ие екенін атап өтті.

Өз кезегінде колледж психологы К. Сүйінбекұлы сөз алып, буллинг пен кибербуллингтің негізгі шығу себептеріне жан-жақты талдау жасады. Психолог бұл құбылыстардың түрлеріне тоқталып, олардың көбіне өзіне сенімсіздік, эмоциялық тұрақсыздық, бақылаусыз интернет кеңістігі мен қарым-қатынас мәдениетінің төмендігінен туындайтынын түсіндірді. Ол жастар арасында мұндай мәселелерге бейжай қарауға болмайтынын, буллингтің әрбір көрінісі жасөспірім психикасына терең із қалдыратынын атап өтіп, ата-аналарды баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге дер кезінде назар аударуға шақырды.

Кездесу соңында ата-аналар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, пайдалы кеңестер алды. Мұндай ата-ана сағаттары жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен саналы дамуына бағытталған маңызды қадам болып табылады.