Түлектерді жұмысқа орналастыру бағытындағы жұмыстар
Бітіруші түлектердің жұмысқа орналасуына қолдау көрсету мақсатында жыл сайын «Мамандығым – мақтанышым», «Мен таңдаған мамандық», «Мамандық таңдаудағы дұрыс қадам», «Сен де бір кірпіш дүниеге…», «Адалдық жүрген жерде – адамдық жүреді», «Мамандық таңдау – өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау» атты тақырыптарда танымал түлектермен және медицина саласының білікті мамандарымен кездесулер, сондай-ақ «Білікті маман – болашағы зор мемлекеттің тұтқасы» атты ашық диалог алаңдары ұйымдастырылып отырады. Бұл кездесулер студенттердің кәсіби ынтасын арттыруға, мамандыққа деген көзқарасын нығайтуға зор ықпал етеді.
Колледжде жыл сайын Тараз қаласы мен Жамбыл облысының медициналық ұйымдарымен бірлескен Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіледі. Жәрмеңке барысында жұмыс берушілер түлектерге бос орындар туралы мәлімет беріп, тікелей сұхбат жүргізеді.
Түлектердің жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруына мүмкіндік жасау мақсатында «Білім және болашақ» атты Ашық есік күндері ұйымдастырылып, ЖОО өкілдерімен кездесулер өткізіледі. Сонымен қатар колледж бітірушілері жыл бойына Тараз қаласы әкімдігінің «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастыратын бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне тұрақты түрде қатысады. «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында да мамандармен кездесулер жоспарлы түрде өтеді.
Кәсіптік практика нәтижелері бойынша медициналық мекемелер басшылары студенттердің білім-білігіне оң пікір білдіріп, жұмысқа қабылдау жөнінде ұсыныстар жасап отырады. Соның нәтижесінде түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші дәстүрлі түрде 80–90% шамасында. Соңғы үш жылдың мәліметі бойынша:
2023 жыл — 85%,
2024 жыл — 87%,
2025 жыл — 87%.
Кәсіптік бағдар беру жұмыстары
Болашақ мамандықты дұрыс таңдау – тұлғаның кәсіби қалыптасуының бастапқы әрі маңызды қадамы. Осы бағытта колледж мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізеді. Мектептермен өзара ынтымақтастық туралы келісімшарт негізінде колледж оқытушылары Тараз қаласы мен Жамбыл облысы мектептерінің бітіруші сыныптарымен кездесулер өткізіп, медицина мамандығының ерекшеліктері мен жауапкершілігі жайлы түсіндіреді. Ата-аналар жиналыстары мен жеке оқушылармен ұйымдастырылатын кездесулер де кәсіби бағдар берудің бір бөлігі болып табылады. Іс-шара барысында мектеп оқушыларына шұғыл жағдайдағы алғашқы медициналық көмек көрсету дағдылары үйретіліп, «Жарақаттар кезіндегі алғашқы көмек», «Жүректің кенеттен тоқтауы кезіндегі жедел көмек» сияқты тәжірибелік сабақтар көрсетіледі.
Жыл сайын «Мамандық таңдаудағы дұрыс қадам» атты Ашық есік күндері, «Juniorskills Jambyl» чемпионаты аясында химия және биология құзыреттілігі бойынша қатысушы оқушыларға колледждің оқу кабинеттері мен мамандықтары таныстырылады.
Мектеп оқушыларына колледж тарихы, қабылдау талаптары, мамандықтар туралы мәлімет беріліп, бейнеролик көрсетіліп, ақпараттық брошюралар таратылып отырады. Бір оқу жылы ішінде 3000-ға жуық оқушы кәсіби бағдармен қамтылады.
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы ұйымдастырған «Үздік кәсіби бағдар беруші» облыстық бейнероликтер байқауында колледж оқытушылары 2025 жылы ІІ орынға ие болды.
Жамбыл жоғары медициналық колледжі – сан мың маман тәрбиелеген, тарихи жолы терең, болашағы кемел білім ордасы. Колледждің кәсіби бағдар берудегі, білікті мамандар даярлаудағы және түлектерді жұмысқа орналастырудағы жүйелі жұмысы оқу орнының жоғары әлеуетін көрсетеді. Бүгінгі таңда колледж өз даму бағытын нақты айқындап, медициналық білім берудің сапасын арттыру жолында табысты еңбек етіп келеді.






