Бөлісу

«Жамбыл жоғары медициналық колледжі» ШЖҚ КМК қабылдау комиссиясы 3-13 тамыз аралығында 2026-2027 оқу жылына оқуға түсетін талапкерлерден емтихандар қабылдады. Болашақ ақ халатты абзал жандар өз білімін колледждің Мониторинг бөлімінің заманауи техникамен жабдықталған компьютерлік кабинеттерінде арнайы тестілеу платформасы арқылы сынады. Талапкерлер психометриялық тест пен арнаулы пәндер (биология, химия) бойынша тестілеуден өтіп, өздерінің дайындық деңгейі мен кәсіби бейімділігін көрсетті. Колледжге оқуға түсуге барлығы 948 өтініш келіп түскен, оның 41-і құжатты өз еркімен қайта кері қайтарған.

Емтихан басталмас бұрын комиссия өкілдері әрбір талапкерге ережелерді толық түсіндіріп, бағыт-бағдар берді. Ал ғимарат сыртында толқып отырған ата-аналар бұл процесті бейнебақылау камералары арқылы көріп, емтиханның ашық әрі таза өтіп жатқанына көз жеткізді.

Емтихан өткізудің заңдылығы мен ашықтығын арнайы комиссия мүшелері жіті қадағалады. Олардың қатарында:

Л. Отарбай – «Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы» КММ басшысының орынбасары;

Ж. Тойшыбекова – Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы №2 қалалық емханасының бас дәрігері;

Н. Жувандикова – «Адал қоғам» ҚБ жоба менеджері, облыстық ата-аналар кеңесінің төрайымы;

Т. Нышанбек – Колледждің комплаенс-офицері.

Бақылаушылар «Заң мен тәртіп, ашықтық пен әділдік» қағидаттарының берік сақталғанын атап өтіп, қабылдау комиссиясының жұмысына  оң баға берді.

Бұл емтихан – жас дарындардың үлкен өмірге жасаған сенімді де әділ алғашқы қадамы болды!