1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, Жамбыл жоғары медициналық колледжінің тәрбие бөлімінің ұйымдастыруымен «Балалардың игілігі үшін» атты ауқымды әлеуметтік-қайырымдылық акциясы жоғары деңгейде өтті. Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында өткен бұл шараның мақсаты тереңде жатыр. Жобаның басты мақсаты –студенттердің бойында жанашырлық пен қамқорлық қасиеттерін дамыту, оларды әлеуметтік ортаға белсенді бейімдеу және кішкентай балаларға ұмытылмас мерекелік көңіл-күй сыйлау болды. Акция аясында колледж студенттері топтарға бөлініп, саябақты аралады. Олар әрбір бүлдіршінге ерекше ілтипат көрсетіп:Халықаралық мерекемен жылы құттықтады;Түрлі-түсті шарлар мен арнайы дайындалған естелік сыйлықтарды үлестірді; Балалармен бірге қызықты да көңілді ойындар ойнап, естелік суреттерге түсті. Саябақта серуендеп жүрген кішкентай кейіпкерлеріміз бен олардың ата-аналары бұл игі бастаманы ерекше ықыласпен, өте жылы қабылдап, ұйымдастырушыларға өздерінің ақжарма ризашылықтарын білдірді. Мерекелік акция соңында колледж әкімшілігі мен кәсіподақ комитетінің қолдауымен барлық қатысушы студенттерге балмұздақ таратылып, еркін форматтағы сергіту сәті ұйымдастырылды. Дәмді сыйлықтан соң колледж психологтары А.Өскенбаева, А.Мираева мен әлеуметтік педагог А.Буксукбаева шараны қорытындылады. Олар студенттермен ашық әңгімелесіп, «өзгеге қуаныш сыйлаудың» адам жанына қаншалықты үлкен бақыт пен рухани күш беретінін атап өтті. Студенттер де бұл күннен алған әсерлерімен бөлісіп, өздерінің қоғамға пайдалы екендіктерін сезінді. Жамбыл жоғары медициналық колледжі ұйымдастырған бұл акция – жастардың жүрегіне мейірімділік нәрін сеуіп, қоғамды ізгілікке үндеген тағы бір сәтті қадам болды.
Жақсылық жасаудан шаршамайық!


