Семинар-тренинг: тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу

Бөлісу

19.06.2026 ж.Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» Жамбыл облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығында қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі — тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған маңызды семинар-тренинг ұйымдастырылды. Іс-шараға қазақстандық құқық қорғаушы, «Human Rights Lawyers» қоғамдық қорының заңгері Ляззат Ракишева арнайы қатысып, тренингтің негізгі спикері болды. Семинар барысында заң, құқық және психология саласының білікті мамандары үш түрлі маңызды бағыт бойынша өзекті мәселелерді ортаға салды. Бас спикер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарына тереңірек тоқталып, отбасындағы агрессияның балаларға тигізер зардабын баса айтты. Құқық қорғаушы балалардың мінез-құлқындағы кенеттен пайда болған өзгерістерді (тұйықталу, үрей, агрессия) дер кезінде анықтаудың маңызы зор екенін және бұл бала қауіпсіздігін қамтамасыз етудің алғашқы баспалдағы екенін түсіндірді. Адвокат Ғ. Жолдасбаев қазіргі таңда мемлекет тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы қабылданып жатқан құқықтық шаралар мен заңнамалық өзгерістер туралы ақпарат берді. Ол әрбір азаматтың өз құқықтарын терең білуі тиіс екенін және қиын жағдайға тап болғанда заң көмегіне уақытылы жүгінудің маңыздылығын атап өтті. «Human Rights Lawyers» қоғамдық қорының психологы, республикалық дәрежедегі тренер Ж. Хабаева зорлық-зомбылықтың адам өміріне, оның ішінде эмоционалдық жағдайы мен психикалық денсаулығына тигізетін ауыр соққыларын талдап берді. Сонымен қатар, маман зардап шеккен азаматтарды оңалтудың және оларға тиімді психологиялық қолдау көрсетудің заманауи әдіс-тәсілдерімен бөлісті.