«Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады»

Бөлісу

2026 жылғы 5 қазан күні Жамбыл жоғары медициналық колледжінде «АДАЛ АЗАМАТ» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында жастардың білімге, ғылымға және салауатты ойға деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» тақырыбында танымдық-зияткерлік пікірсайыс турнирі ұйымдастырылды.
Студенттердің көшбасшылық қабілеті мен сыни ойлау дағдыларын дамытуда колледждің «Жас Алаш» пікірсайыс клубы ұйымдастырған колледжішілік турнирге барлығы 20 фракция, яғни 40 пікірсайысшы қатысып, олардың пікірталасына 5 төреші әділ баға берді.
Ойынның шешуші финалдық кезеңі колледждің «Pulse TV» телестудиясында болды. Шараның ашылуында Жамбыл жоғары медициналық колледжі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қуанышбекова Ляззат Тұрарқызы сөз сөйлеп, турнирде көтерілген тақырыптардың өзектілігін атап өтті және финалға шыққан студенттерге сәттілік тіледі. «Жас Алаш» дебат клубының жетекшісі, тәрбие жұмысының меңгерушісі Айдабосынова Жамила Несіпбекқызы қатысушыларға финалдық ойынның ережелерін ескертіп, тақырыпты жан-жақты әрі терең ашудың маңыздылығының ерекшелігіне тоқталды. Финал ойынына шыққан «Білім» фракциясының спикерлері «Емдеу ісі» мамандығы, 216 топ студенттері Молдашбаева Камилла, Тукпан Мақпал болса, «Күш» фракциясының спикерлері «Мейіргер ісі» мамандығы, 105 топ студенттері Рыскелді Жанат пен Исмоил Раян, ал төрелік жасаған «Емдеу ісі» мамандығы, 216 топ студенті және пікірсайыс координаторы Усенбай Асель болды.
Мемлекеттік тілдің бай қоры мен шешендік өнердің асыл қазынасын ұштастырған бұл пікірсайыста қатысушылар тақырыптың ауқымын ашып, әрбір уәжді бұлтартпас айғақтармен және терең логикалық талдаулармен дәлелдеді. Мұнда ақыл мен ойдың жарысы, пікірлер қақтығысы мен мәдениетті диалогтың заңды заңдылықтары толық сақталды. Студенттердің өз ойын еркін жеткізуіне, дәлелді уәж айтуына мүмкіндік берген бұл интеллектуалды сайыс өте қызықты өтті.
Бұл шара — білімді ұрпақ қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Ақыл-парасаты толысқан, білімін елінің игілігіне жұмсайтын интеллектуалды жастар барда елдің болашағы жарқын екені сөзсіз. Жастар- еліміздің ертеңі!