«Жамбыл жоғары медициналық колледжі» ШЖҚ КМК тәжірибе бөлімі, кәсіби бағдар беру және жұмыспен қамту маманы Л. Артыкова мен арнайы пән оқытушылары 2026 жылдың сәуір–мамыр айларында Тараз қаласы мен Жамбыл облысына қарасты бірқатар білім беру ұйымдарында кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, №29 орта мектебі, №30 орта мектебі, Техникалық шығармашылық орталығы, Ә. Әйтиев атындағы орта мектебі, Шайқорық орта мектебі, №20 орта мектебі, №13 орта мектебі және Жуалы ауданының №27 Диқан орта мектебінің 9–11 сынып оқушыларына арналған «Ашық есік» күндері ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мектеп бітіруші түлектерге мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру, медициналық мамандықтардың маңыздылығын түсіндіру, сондай-ақ жастардың болашақ кәсібін саналы түрде таңдауына ықпал ету. Сонымен қатар, оқушыларды колледждің білім беру мүмкіндіктерімен таныстырып, денсаулық сақтау саласына қызығушылықтарын арттыру көзделді.
Кездесу барысында оқушыларға колледждің қалыптасу тарихы, материалдық-техникалық базасы, білім беру бағдарламалары мен мамандықтары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сондай-ақ, талапкерлерге оқуға қабылдау талаптары, қажетті құжаттар тізімі және оқу үдерісінің ерекшеліктері түсіндірілді. Іс-шара аясында колледж туралы қысқаша бейнеролик көрсетіліп, ақпараттық брошюралар таратылды.










