2026 жылғы 18 мамыр күні «Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және медиациялық қызметтер орталығының жұмысын ұйымдастыру» жобасы аясында «Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы» КММ-нің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде Жамбыл жоғары медициналық колледжі студенттеріне арналған танымдық кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, жанжалдардың алдын алу, келіссөздер жүргізу мәдениетін қалыптастыру және медиацияның қоғамдағы маңызын түсіндіру болды.
Кездесу барысында Жамбыл облысының ҮЕҰ қауымдастығы ЗТБ төрайымы А.О. Заурбекова 1 курс студенттеріне «Келіссөздер процесінің негіздері, медиация және медиатор құзыреті, жанжал жағдайындағы мінез-құлық» тақырыбында мазмұнды лекция оқыды. Лекция барысында қатысушыларға медиация ұғымы, дау-жанжалдарды бейбіт жолмен шешу тәсілдері, тиімді коммуникация орнату, келіссөз жүргізудің негізгі қағидалары мен жанжал жағдайындағы дұрыс мінез-құлық дағдылары түсіндірілді.
Студенттер тақырып бойынша өз пікірлерін білдіріп, тәжірибелік мысалдар арқылы түрлі ситуацияларды талқылады. Кездесу интерактивті форматта өтіп, жастар тарапынан белсенді қызығушылыққа ие болды.
Іс-шара соңында студенттер арасында блиц-турнир ұйымдастырылып, белсенділік танытып, дұрыс жауап берген жеңімпаздарға тәтті сыйлықтар табысталды.
Аталған кездесу жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, медиация институтын насихаттауға және қоғамдағы өзара түсіністік пен келісім құндылықтарын дәріптеуге бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі болды.





