2026 жылдың 25 қыркүйек күні Жамбыл жоғары медициналық колледжінде «Тәртіптің ең тамаша мектебі – отбасы» атты жалпы ата-аналар жиналысы өтті. Ата-аналар жиналысын колледж директорының уақытша міндетін атқарушы Қуанышбекова Ляззат Тураровна бастап, ата-аналар жиналысының мақсаты мен колледждің оқу-тәрбие жұмысы, материалдық-техникалық базасы туралы мәлімет берді. Жиналыстың арнайы қонағы Жамбыл облысы ПД ҚҚБ ОТЗЗҚКБ бастығы полиция подполковнигі Кинжеханова Диляфруз көпбалалы ана ретінде отбасындағы қарым-қатынастың балаға әсері жайлы айтып түсіндірме жұмыстарын жасады. Тәрбие бөлімінің меңгерушісі Айдабосынова Жамила Несипбековна, ҚБАЖ меңгерушісі Усенов Рахат Бакенович әрбір студенттің сырт келбетіне, сабаққа қатысу тәртібіне қойылатын талаптарды ортаға салды. Сондай-ақ колледждің ішкі тәртіп ережесіне сәйкес бағалы әрі тиым салынған заттарды алып жүруге болмайтынын ескертіп, жастарға сапалы тәрбие беруде ата-ана мен оқу орнының тығыз ынтымақтастығы аса маңызды екенін атап өтті. Бөлім меңгерушілері топтардың білім сапасы мен сабақ үлгерімінің көрсеткіштерін саралап, болашақ медицина мамандарына жүктелген жауапкершілікті студенттер бойына қазірден бастап сіңіру қажеттігін жеткізді.
Сонымен қатар, колледжге бекітілген инспектор, Тараз қаласы, Әулие-Ата АПБ ЖПҚБ ЮПБ УПИ, полиция аға лейтенанты Сейдікәрім Айдар Бақытжанұлы студент жастардың арасында жиі кездесетін тәртіп бұзушылықтар туралы жалпы мысалдар келтіріп, жасалған теріс әрекеттің түріне, сипатына қарай оның соңы айыппұл немесе еркіндікті шектеуге дейін апаратынына ата-аналардың назарын аударды.
Жиналыс соңында ата-аналар тәрбие мәселесінің ортақ мүдде екенін айтып, «Бала қауіпсіздігі» бойынша колледждің жасап жатқан жұмыстарына ризашылығын білдірді.





