«Мен – елімнің жауапты азаматымын» 

Бөлісу

20 қазан 2026 жылы Жамбыл жоғары медициналық колледжінде «Адал Азамат» Біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыру мақсатында «Мен – елімнің жауапты азаматымын»  тақырыбында «Мейіргер ісі» бөлімінің кураторы Жантохова Г.Н., «Мейіргер ісі» бөлімі 401М-9/23 топ студенттерімен тәрбие сағатын өткізді. Тәрбие сағатында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» – таңдаулы ой-тұжырымдары мен қанатты сөздері жинақталған жаңа кітабы жайында мәліметтер берілді. Кітап Мемлекет Басшысының Қазақстанды Әділетті, Қауіпсіз және Өркендеген елге айналдыруды көздеген ұлы мұратының сөзбен көмкерілген жиынтық бейнесі. Яғни, саналы ғұмырын мемлекет ісіне арнаған тұлғаның соңғы 30 жылдан аса уақыт ішінде көңілге түйгені, ойға тамызық болған ұстанымдары мен құндылықтары айтылады. «Әділетті қоғам әр адамның күнделікті жауапкершілігінен басталады. Адал оқу, адал еңбек, өз кәсібіңді жақсы меңгеру және алған біліміңді ел игілігіне пайдалану – қоғамға қызмет етудің нақты жолдары. Бүгінгі студенттің білімі мен ізденісі – ертеңгі Қазақстанның дамуына қосылған үлесі». Жамбыл жоғары медициналық колледжі үшін білім беру, жас ұрпақтың әлеуетін арттыру және студенттердің ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын азамат болып қалыптасуына жағдай жасау негізгі басымдықтардың бірі. Өйткені елдің болашағы алыста емес. Ол бүгінгі студенттің білімінен, жастардың ізденісінен және әр азаматтың адал еңбегінен басталады.

Кітаптың студенттер үшін маңызы мен негізгі идеялары:

  • Адалдық пен шындық: «Шын сөз айтылмайынша, әділетті қоғам да қалыптаспайды» деген қағидат жастарды әрбір істе адал болуға үндейді.
  • Білім және жауапкершілік: Жинақтағы басты ойлардың бірі – жастардың білім алуы ғана емес, алған білімін елдің игілігіне жұмсауы және қоғам алдындағы жауапкершілігі.
  • Азаматтық ұстаным: «Әр азамат ел тағдырына өз тағдырындай қарауға тиіс» деген идея студенттердің елшілдік рухын арттыруға бағытталған.
  • Заң үстемдігі: Кітап мазмұны заңдылық, әділеттілік және мемлекеттік басқару принциптерін терең түсінуге көмектеседі.