Биыл Жамбыл жоғары медициналық колледжінің тарихында алтын әріппен жазылатын ерекше жыл. Білім мен ғылымның қара шаңырағының 90 жылдық мерейтойы аясында «Жасанды интеллект және медициналық білім беру саласындағы заманауи әдіс-тәсілдер» атты ауқымды халықаралық іс-шара жоғары деңгейде өтті.
Іс-шараның мақсаты: Медициналық колледждердің білім беру ортасына жасанды интеллект технологияларын жан-жақты зерттеу және практикалық тұрғыда енгізу. Шеберлік сыныбы оқу бағдарламаларын жаңғыртуға, оқытушылардың цифрлық құзыреттілігін дамытуға және болашақ медицина талаптарына толық сәйкес келетін мамандарды даярлауға мүмкіндік беретін инновациялық оқыту модельдерін (виртуалды симуляциялардан бастап білімді бағалаудың зияткерлік жүйелеріне дейін) құруға бағытталған. Іс-шараға Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Қытай, Әзірбайжан өкілдері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың, әлеуметтік серіктестердің өкілдері мен Жамбыл облысы мен Тараз қаласының әкімдігі Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы Білім беруді дамыту Ұлттық ғылыми орталық «Санат», ЖШС Қазақстанның медициналық университеттері, Қазақстанның жоғары медициналық колледждері, Қазақстанның медициналық , колледждерінің директорлары мен халықаралық достастық мүшелері, Жамбыл облысының медициналық ұйымдары «AMANAT» партиясы «QazMed медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» Республикалық қоғамдық бірлестігі. Бұл іс-шара білім беру процесіне инновацияларды енгізудің тиімді құралына айналып, білікті медициналық кадрларды даярлаудағы көшбасшылық мәртебесін айғақтады. Іс-шараның ресми бөлімі «Мейірім жолы» атты құм анимациясынан басталып, медицина салсының майталманы, «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы» ЖШС директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик Жошыбаев Сейітхан Жошыбайұлының алғы сөзінен басталды. Бүгін колледжіміздің мерейтойлық іс-шаралары аясында тарих пен инновация тоғысқан бірнеше маңызды оқиғаның куәсі болдық. Әрбір сәт — біздің өткенімізге құрмет пен болашаққа деген нық қадамымыздың көрінісі. Колледж алаңында жайылған арнайы көрме қонақтарды 90 жылдық шежіреге жетеледі. Мұнда оқу орнының қалыптасу жолы, алғашқы түлектердің жетістіктері мен білім ордасының алтын қорына айналған жәдігерлер ұсынылумен қатар, осынау айтулы датаға орай жарық көрген жаңа кітаптың салтанатты тұсаукесері өтті. Бұл — жай ғана жинақ емес, бұл — тоғыз онжылдықтың ішіндегі мыңдаған тағдырлар мен ерен еңбектің шежіресі. Тұсаукесер рәсіміне қатысқан ардагер ұстаздарымыз бен құрметті қонақтар ақ батасын беріп, кітаптың алғашқы даналарына қолтаңбаларын қалдырды. Мерейтойдың ең күткен сәті — медициналық білім берудегі инновацияның шыңы болған «MED AI LAB» жасанды интеллект аймағының салтанатты ашылуы! Бұл аймақ — студенттердің жасанды интеллект технологияларын меңгеріп, медициналық диагностика мен деректерді өңдеуді жаңа деңгейде үйренуіне арналған заманауи платформа. Лента қиылып, алғашқы цифрлық жобалар таныстырылғанда, біз медициналық білім берудің мүлде жаңа парағын аштық. Жиын барысында жасанды интеллектінің медициналық білім беруге әкелген төңкерісі мен цифрлық технологиялардың болашағы жайында мазмұнды баяндамалар жасалып, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру мақсатында іс-шара аясында шебер-сыныптар (master-classes) өткізілді. Мерейтойдың ресми бөлімінен кейін қонақтар назарына керемет салтанатты концерттік бағдарлама ұсынылды. Өнерпаздардың орындауындағы әуезді ән мен күмбірлеген күй, бишілердің әсем қимылы мерекелік кештің сәнін кіргізді. Қонақтар қара шаңырақтың 90 жылдық тарихына құрмет көрсетіп, ерекше жылы лебіздерін білдірді. Бұл сәтте сағыныш та, мақтаныш та, болашаққа деген нық сенім де бар еді. 90 жылдық белес — бұл тек өткенге есеп беру емес, бұл жаңа биіктерге бастайтын үлкен жолдың басы. Бізбен бірге болған, ақ тілегін арнаған барша қонақтарға, әріптестер мен студенттерге алғыс айтамыз! 90 жыл бойы білім мен ғылымның қара шаңырағы болған ордамыз бүгінде технологияның тілін меңгерген заманауи орталыққа айналды. Біз өткенді құрметтей отырып, болашақты бірге қалаймыз!
Мерейтой құтты болсын, мәртебелі қара шаңырақ!
















